16
сәуір
2019
Орал қаласының №5 емханасында медиация кабинеті ашылды. Бұл денсаулық сақтау саласында ашылып отырған алғаш медиация кабинеті.
Ашылу салтанатына Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали, Орал қаласының №2 сотының татуластырушы-судьясы Шынаргуль Шайдиева, БҚО медиаторлар Одағының төрағасы Алуа Рақышева және емхана ұжымы қатысты.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Н.Беркингали сөзінше, медиация кабинеттерінің ашылуы негізсіз шағымдардың санын азайтып, дәрігерлер мен науқастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына деген сенімді жоғарылатады. Медиация кабинетін бас дәрігердің орынбасары Гүлара Умарова басшылық етті.
Татуластырушы-судья Ш.Шайдиева атап өткендей, болмашы нәрседен өрши келе үлкен дауға айналып, нәтижесінде сотқа талап арызбен келіп жататын оқиғалар жиі кездеседі. Медиация кабинетінің ашылуы денсаулық сақтау саласындағы азаматтық-процессуалдық даулар санын азайтуға септігін тигізеді, дәрігер мен науқас, сондай-ақ медициналық ұжымдағы қызметкерлер арасында туындайтын дау-дамайдың шешілуі мен бітімгершіліктің дамуына алып келеді.
БҚО медиаторлар Одағының төрайымы А.Рақышеваның сөзінше, медиация кабинетінің ашылуы дауласушы тараптарға жанжалды сотқа дейін шешуге беріліп отырылған зор мүмкіндік.
Осы тәрізді медиация кабинеттері алдағы уақытта барлық медициналық және білім беру мекемелерінде ашылуы жоспарда.
Қайнар: Батыс Қазақстан облысының баспасөз қызметі.