25
маусым
2018
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Қайрат Адранов Орал қаласының №2 сотының ғимаратында татуласу кабинетін ашу рәсіміне қатысты.
Ашылу салтанатына медиаторлар, заңгерлер, сотқа келушілер және олардың өкілдері қатысты.
Жиында Қ.Адранов: «Татуласу кабинетінің ашылуы – тараптарды облыстық соттың бітімгершілік рәсімдерді одан әрі дамыту және дауды сотқа дейін реттеу тәртібіне ынталандыру мақсатында атқарып жатқан көптеген игілікті шаралардың бірі. Кәсіби деңгейде медиация мүмкіндіктерін түсіндіріп, тараптарға өзара тиімді шарттарға келуге көмек көрсететін бітімгер-судья бекітілді. Азаматтық істерді қарау тәртібі ыңғайлы, тез және тараптарды бітімге келуге бағдарлануы тиіс, осы мақсатта кабинет сот ғимаратының бірінші қабатында орналасқан, яғни бұл, тараптарға кездесудің құпиялығын сақтауға мүмкіндік береді», - деді.
Бөлменің интерьері тараптардың қызу талқылау жүргізуіне барынша қолайлы, заманауи компьютерлік жабдықтармен, жиһазбен және бірнеше түрлі өсімдіктер қойылған витражды тақталармен жабдықталған.
Қатысушылар бітімгершілік рәсімдердің қолданылуы өркениетті қоғамның ең басты көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.