16
сәуір
2019
Енді медицина саласының қызметкерлеріне шағымдары бар емделушілер тікелей медиаторға жүгіне алады.
Медиация кабинетінің ашылуында БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова, Орал қаласының №2 сотының төрағасы Азамат Борамбаев, БҚО медиаторлар Одағының төрайымы Алуа Рақышева, аурухана директоры Арман Калибеков және аурухана ұжымы қатысты.
Медиация кабинеттерін ашу, әсіресе медициналық мекемелерде, бүгінгі күннің қажеттілігі болып отыр. Дау-дамайлар бұл жерде дәрігер мен науқас арасында ғана емес, ұжым арасында да болып отырады. Медиация кабинеті осы тәрізді даулардың алдын алып, сотқа жеткізбеуге өз септігін тигізеді.
Сот төрағасы А.Борамбаев атап өткендей, мекемелерде медиация кабинеттерін ашу азаматтық-құқықтық даулардың санын азайтып, дау-дамайдың шешілуі мен бітімгершіліктің дамуына алып келеді. Сол себепті де, алдағы уақытта медиация кабинеттерін білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде ашу жұмыстары жалғастырылады.
БҚО медиаторлар Одағының төраймы А.Рақышеваның сөзінше, медиацияның нәтижесінде, негізсіз шағымдар саны азайып, дәрігерлер мен науқастардың құқықтық сауаттылығы артып, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына деген сенім жоғарылайды.
Атап өту керек, ауруханадағы медиация кабинетін науқастарды қолдау қызметі бөлімінің басшысы Айжан Калиева жетекшілік етті.